Асан қайғы Сәбитұлы
Еділ бойында дүниеге келген. Құрбанғали Халидұлы өзінің «Тауарих хамса» атты еңбегінде әйгілі Майқы биді Асан қайғының арғы атасы еді дейді.Берке хан дүниеден қайтқан соң (1359) Алтын Орданың тағына жанасқан хандар баянды билік құра алмаған. Сондай баянсыз хандардың бірі Ұлығ Мұхамед болса, Асан қайғы сол Ұлығ Мұхамед ханға сөзін өткізетін билерді бірі болған. 15 ғ. 1420 жж. Ұлығ Мұхамед Сарайдан қуылып, Қазанды паналағанда, Асан қайғы жасының егде тартқанына қарамастан өз әміршісінің жанында болған.Алайда, бас сауғалау болмысына жат Асанқайғы кешікпей қайтып оралып, Әбілхайыр Ордасындағы шиеленіскен тартыстың ортасына түседі. Керей, Жәнібек сұлтандар бастаған рулардың Әбілқайыр ұлысынан бөлініп шығуын қолдаушылардың бірі Асан қайғы болады. Асан қайғының жыр толғаулары мен нақыл сөздеріне қарағанда, Дешті Қыпшақтың кіндік мекені Еділ, Жайық бойынан қазақ руларының ірге көтеруін қолдамай, Керей мен Жәнібекке көп қарсылық білдіргені айқын аңғарылады. Асан қайғының «Жерұйық» іздеуіне қатысты айтылатын аңыздардан да халықтың бас құрап, ірге орнықтырып, ел болу қамын ойлауда оған шешуші міндеттің жүктелгені байқалады.Ақыры, елдің ертеңін ойлап, еңсесін көтеруді өмірлік мұрат еткен Асан қайғы Ордадан бөлінген қазақ руларын Шу, Сарысу бойына, Ұлытау төңірегіне қоныстандыруға атсалысып, халықтың темірқазығындай бағдаршы болып өткені мәлім.Ел аузындағы қария сөздің айтуында, Асан қайғы Сарыарқада дүние салып, Ұлытаудың топырағы бұйырған. Ал, Уәлиханов Шоқанның жазуында Асан ата өмірінің соңғы жылдарын Жетісуда өткізіп, Ыстық көлдің жағасында дүние салған. Ел ішіндегі шежіре сөздер мен күй аңыздарына қарағанда, Асан қайғы халық қамын ойлаған ақылгөй, көреген ғана емес, сонымен бірге дәулескер күйші де болған. Көптеген күйлердің аты мен аңыз әңгімесі де әлі күнге дейін айтылады. Өкініштісі, бүгінгі күнге «Ел айрылған», «Асан қайғы», «Желмаяның жүрісі», «Зар» сияқты санаулы күйлері ғана жеткен.«Ел айрылған» күйінің құрылысы қарапайым болғанмен, лекіте қағып отыратын сарынында терең күйзеліс сезіледі. Тіптен, не боларын күні бұрын болжай алатын дананың шарасыздығы сияқты торығуы да жоқ емес. Мұны бастан аяқ жалықпай сұңқылдап, талмай қайталайтын сырлы саздан аңғарасыз.
«Ел айрылған» күйін Ғұбайдолла Мұхитовтың (Орал) тартуында алғаш рет А.В. Затаевич нотаға түсірген. Сондай ақ, толық, көркем нұсқасын 1964 жылы Мұқас Құсайыновтың (Орал) тартуында Т.Мерғалиев нотаға түсірді.
|